Нұрсан Сұрашев – жыл дәрігері. Ол жыл сайын жүрекке 700-ге жуық ашық ота жасайды. Он бес жылдан астам жалпы хирургияда, он жылға жуық кардиохирургия саласында қызмет ететін 37 жастағы жас дәрігердің күніне бес операцияға дейін жасайтын кезі болады. Мұнысын өзі дәрігерлік міндетім ғана деп есептейді. Биыл медицина қызметкерлері күні қарсаңында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұрсан Сейітұлын елордаға арнайы шақырып, марапаттаған болатын. Сонда министр «Жыл дәрігеріне күн-түн демей еңбек етіп жүрген адамды лайық деп таптық» деп, үздік дәрігердің еңбегінің орасан екенін көпке үлгі еткен еді. Дәрігермен сұхбаттасу үшін Алматыдағы қалалық кардиохирургия орталығына беттегенбіз. Нұрсан Сейітұлы орталықтың бас дәрігері Алмат Қодасбаевпен ертеңгі күні өткізетін отасын ақылдасып жатыр екен. Келер күн үш отаға дайындалып жатқанын айтқан дәрігерге бірнеше сауал қойып үлгердік.

Арманым адастырмады

Кішкене күнімде ойын баласы болдық па, білмеймін «Болашақта кім боламын?» деген сауал аса мазаламайтын. Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында дүниеге келіп, сонда өстім. Кейін Алматы облысы Үштөбе қаласы көшіп, сондағы Қ.Тоқаев атындағы мектепте білім алдым. Әке-шешем – есепші. Кейіндеу Кеңес кезінде әкем жайлаудағы шопандарға қажетті құрал-жабдықтар таситын. Өте еңбекқор жан. Күнделікті сабақты үздік оқыдым, қосымша әдеби кітаптар оқығанды ұнататынмын. Өмір бойы дәрігер болып қызмет атқарған жездем Құдайберген Толықбаевтың үйінде медицина кітаптарынан жинақталған жеке бөлме, яғни кітапханасы бар. Жетінші сыныпта жазғы де­малысымды осы ағамның үйінде өткізгем, сонда жаңағы кітаптарды оқып, медицина са­ласының қыр-сы­рына деген қы­зы­ғушылығым арта түсті. Шыны керек, сол кезден бастап дәрігер болуды ар­ман­дадым. Бұл арма­ныма қол жеткізу үшін биология және химия пән­деріне зейін қойып, оқып, меди­цина университетіне түсуді мақсат тұттым. Мектебімді үздік аяқтағаннан кейін, 1998 жылы Семей мемлекеттік медициналық академиясының емдеу ісі мамандығына оқуға қабылдандым. Қуанышымда шек жоқ. Арманыма бір қадам жақындай түскендей едім.


Дүниежүзі бойынша жүрек ауруларына әйелдерге қарағанда ер адамдар көп ұшырайды. Оның негізгі себебі – ер адамдар күйзелісін, мұң-зарын сыртқа шығара алмайды, ауыр жұмыс істейді. Бұған қоса, ас-ауқатты көп жейді. Шылым шегіп, ішімдік ішетін де көбіне ерлер. Оның үстіне, адамның жынысына қарай гармон жүйелері әртүрлі болады.


Осы оқу ордасында жеті жыл білім ал­дым, алғашқы бес жыл – емдеу ісі, соң­ғы екі жыл интернатура оқып, хирург маман болып шықтым. 2004-2005 жылдары Семей қалалық жедел-жәрдем ауруха­насының базасында интернатура оқып, білімімді жетілдіріп, біліктілігімді шың­дадым. Жеті жыл ішінде теория мен тәжірибеге әбден қанықтық. Анатомия, хи­рургия саласында түрлі зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп, ғылыми мақалалар жазып, жаңалық ашып, конференцияларға қа­тыстық. Осында жүріп алғашқы отаны жасап көрдік. Әдетте, медицина студент­терінің жасайтын отасы – соқырішек. Бар­лығымыз, сол соқырішекке жасала­тын отаны әбден оқып, жаттап алатынбыз. Бірақ маған ұстазым кенеттен қысылған кіндік жарығына операция жасауды тапсырды. Қатты қобалжы­ғаным есімде, бірақ сәтті орындап шықтым. Мұ­ның барлығы – үлкен өмірлік және кәсіби қоржын. Оқуымды аяқтағаннан кейін, Семейдегі ауру­ханада дәрігерлік қыз­метімді жал­ғастыруға ұсыныс түсті. Бірақ мен дипло­мымды алып, туған аймақ, таныс маңға қызмет етуге шешім қабылдап, Үштөбеге қайта оралдым. Ол кезде мұндағы ауруханада хирургтің орны бос болмай, Талдықорғандағы облыстық клиникалық ауруханаға жұмысқа тұрдым. Араға жыл салып, кәсіби біліктілігімді арттыру үшін Алматыға жолдама алдым. Үлкен шаһар­дың сол уақыттағы медицина деңгейін, мұндағы заманауи құрал-жабдықтардың қауқарын көріп, қатты қызықтым. Мұндағы дәрігерлердің кәсібилігіне тәнті болып, білмейтінім, үйренерім әлі де көп екеніне көз жеткізгендей болдым. Өз басым, бәсекесі биік ортада жүріп, ысыл­ғанды қалайтынмын. Сөйтіп, Алма­тыда қалуды мақсат қылдым. 2006 жылы Алматыдағы №7 қалалық ауруханаға хирург дәрігер болып жұмысқа тұрып, екі жыл жұмыс істедім. Ол кезде 25 жастағы жас жігітпін. Мұнда жалпы хирургияның барлық отасын жасауды әбден меңгердім.
2004 жылы Семейде оқып жүргенде, А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында алғаш жүрекке ота жасалған болатын. Осы жаңалықты есті­геннен кейінгі таңданысымды әлі күнге дейін ұмытпаймын. Содан дәрігер болу дейтін арманым кардиохирург болуға ұласты. Бұл мақсатым үнемі ойымда жү­ретін. Алдымен, жеткілікті тәжірибе жи­нақ­тап алуым қажеттігін жақсы түсіне­тінмін. Оның үстіне, дәрігер үнемі білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Қанша жерден кәсіби болсаң да, өз салаңдағы тың тех­нологияларды меңгеру, заманның жаңа жаңалығымен таныс-біліс болу, зерттеу жүргізу – дәрігерге міндет. Менің дәрігер ретіндегі, тіпті адами қағидам – осы. 2008 жылы білімімді шыңдап әрі түпкі мақ­сатыма бір қадам болсын жақындайын деп А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына құжат тапсырып, кардиохирургия саласы бойынша резидентура оқыдым. Осында келгендегі алғаш танысқан адам дәрігер – кардио­хирург Алмат Тұрысбекұлы болатын. Бірінші күннен бастап «Менің резидентім боласың» деп, білгенінің бәрін үйретті. Оқуымды аяқтағаннан кейін, осы орта­лықта кардиохирург болып қызмет еттім. Мұндағы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі де болдым. 2013 жылдан бері Алматы қалалық кардиохирургия орталы­ғына арнайы шақырту алып, осындағы кардиохирургия бөліміне жетекшілік етемін.

Құдайдың мінсіз жаратылысы

Жүрек – адам ағзасы­ның моторы. Құдайдың мінсіз жаратқан бір кереметі. Өзі жұды­рықтай ғана болға­нымен, жүктемесі ауыр, дара меха­низм. Жүректің жеке қан айналы­мы, жүйке жүйесі бар. Жүрек – адам ағ­засының жас ерек­шелігі, жынысы, ұстана­тын өмір салтына байланысты қанша рет соғуы керектігіне дейін жіті есептеп отыратын маңызды аппарат. Анасының құрсағына біткен баланың сегіз апталығында жүрегі соғады. Сол уақыттан бері тоқтаусыз қағып, адам ағзасына қызмет етіп тұрған жүрек ота кезінде бірінші рет тоқтайды. Ал кар­диохирург жү­рек­ті тоқтатып, ондағы ақауын түзетіп, қайта іске қо­сады. Оңай емес. Кардио­хирургия са­ласының талға­мы биік, бағыты бөлек, бағ­дары басқа. Дей тұрғанмен, қызық сала.


Жүрек ауруларын тудыратын бірінші фактор – тәттіні (қант, кәмпит, торт және т.б) көп тұтыну. Бұрындары майлы, ащы тағамдарды шектен тыс тұтыну да жүрекке ауыр делінетін. Бірақ соңғы зерттеулер көбіне тәттіқұмарлардың жүрек қан-тамырлары түйіншіктерге толып қалатынын көрсетіп отыр.


Жалпы, хирургия саласында қызмет етіп жүргенде, пышаққа түскен, оққа ұшыраған науқастарға ота жасадық. Олардың жүрегін тіліп кеткен, я болмаса сол маңайға оқ тиген жағдайлар кездесетін. Сонда жүректің жалпы құрылысы мен сипатымен тәжірибе жүзінде таныс бола­тынмын. Бірақ кар­диохирург ретінде жүрекке жасаған алғашқы отаны Ал­мат Тұрысбекұлы сеніп тапсырды. Онда қос жармалы қақпақшаны ауыстыру қажет болды. Теориялық базама сеніп кірдім, бұл ота да сәтті өткен. Одан бері талай отаның куәсі болдық. Жүректі тоқтатып та, тоқтатпай да түрлі оталар жасалуда. Бүгінде біздің орталықта ең көп жасалатын операция – аорта қан тамырын байлау (шунтирование). Мұны дер кезінде анық­тап, ота жасамаса, қан тамыры түйін­шік­терге толып, ин­фарктқа әкеледі. Медицинадағы кез келген қауіпті ау­рулардың көрсет­кішін азайту үшін ерте диагнос­тиканы қолға алуы­мыз қажет. Кардиохи­рургияда да сол.

Шетелге кету сиреді

2007 жылы Астана мен Алматы қалала­рында ғана жүрекке еліміз бойынша бес жүздей операция және стентирования, жеті жүзге жуық коронарография жасала­тын. Осы жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын бекітті. Соның аясында еліміздегі ірі қалалар мен облыс орталықтарында кардиохирургияның ұлттық, ғылыми және зерттеу мекемелері ашыла бастады, олардың барлығын түрлі заманауи қымбат құрал-жабдықтармен жабдықтады. Қаншама дәрігерді елімізде, шетелде оқытып, кәсіби біліктілігін жетілдіріп келеді. 2007 жылы елімізде 4-5 кардиохирург болса, қазір олардың саны жүзден асады. Мемлекет кардиохирургия саласына көп қаржы құйды. Бірақ бұл қаржы ақталды. Сол уақыттан бері он жыл өтті десек, былтыр жүрекке 45 мың коро­на­рография, 15 мыңнан астам стентиро­вания және 12 мыңнан көп ашық ота жасалды. Бұл – үлкен жетістік. Тәуелсіздік алған жылдары жүректі ашып көре алмайтын еліміздің медицинасы жүректі алмастыра алатын деңгейге жетті. Баланың жүрек ақауын құрсақта жатқан кезінен-ақ анықтауға болады. Осыдан бес-он жыл бұрын жүрегіне ота жасату үшін шет мемлекет асатын ел тұрғындарының қатары бүгінде сиреді. Өйткені өз елімізде жүректің түрлі ақауларына ота жасау үшін жақсы жағдай жасалған, оның үстіне дәрігерлерге сенім артты. Әлбетте, замананың ағымына сай медицинаның әлі де зерттеуіміз қажет дүниелері көп. Жаңа технологиялар дамыған сайын бағаналық жасушаларды, гендік инженерия, молекулярлы медицина салаларын жіті зерттеу керек деп есептеймін. Қазіргі уақытта фантастика саналатын сала десек, болашағымыз – осы.


БЛИЦ-САУАЛ:

– Дәрігер болмағанда кім болар едіңіз?
– Мұғалім.
– Бұл мамандықты таңдағаныңыз үшін өкінген кезіңіз болды ма?
– Тәуекелге бел буып, қиындығына қарамай, ота жасауға келісіп, барыңды салсаң да, кей науқастар өлім құшып жатады. Сондайда өкінетін кезім болады, әрине. Бірақ ол – уақытша әлсіздік. Бір операцияның сәтсіз өткеніне қайғыратын уақытымыз да болмайды кейде. Өйткені келесі науқас үлкен үмітпен өз отасын күтіп отырады.
– Кардиохирургтің қағидасы қандай?
– Күндегі жасайтын отамыз күнделікті тәуекел десек, өзіңе сенімді болу аса маңызды. Отаны жасамас бұрын, алдын ала танысып, тексеріп, әбден зерттейміз. Сол кезде отаның сәтті өтетіне 90 пайыз сенімді болуым қажет. Егер жағдай 50/50 болса, өзімнен де білікті хирургтердің қарауына тапсырамын.
– Медицина әйел адамның хирург болғанын аса құптамайды. Неге?
– Себебі, бұл саланың күйзелісі көп. Әйел жаратылысы нәзік жан болған соң, қиын мамандыққа қимайсың. Бірақ әйелім – онколог-дәрігер.
– Ұстазыңыз кім?
– Әкем. Медицинада кардиохирург-дәрігерлер – Алмат Тұрысбекұлы мен Арыстан Сейдалин.
– Балаларыңыз «Дәрігер боламын» десе, қарсы болмайсыз ба?
– Жоқ, зейіні мен қабілеті болса, қарсы емеспін. Төрт балам бар, кенжелерім егіз. Асия мен Алия дәрігерлікке икемді сияқты. Уақыт көрсетер.
– Хоббиіңіз не?
– Велосипед тебу. Алматыдағы веломарафондарға жиі қатысып тұрамын.
– Дәрігерден болашақ дәрігерге кеңес…
– Қиын сауал. Кардиохирургия – қиын әрі қызық мамандық. Медицинаның басқа саласында белгілі бір шешім шығармас бұрын, ойлануға мүмкіндік болады. Бізге инфаркт алған науқастарды алып келеді. Жүрегі тоқтап қалған адамның жүрегін оталдырып, қайта іске қосу оңай емес. Жүрек тамырының көлемі 1,5-2мм болады, оған басқа тамыр жалғау да қиын жұмыс. Кардиохирург боламын деп келетін жас дәрігерлердің 70 пайызы жұмыстың қиындығын көріп, кетіп қалып жатады. Бұл саланың қызығына әбден кірген дәрігер ғана қиындығына шыдайды. Сондықтан қызығушылығы – басым, мақсаты – айқын, қадамы нық болуы қажет. Сондай-ақ кардиохирург үнемі оқып, білім жинап, біліктілігін жетілдіріп отыруы тиіс.
– Министрмен кездесу қалай өтті?
– Жақсы өтті. «Жыл дәрігері» дегеніміз – үлкен жауапкершілік. Дегенмен еңбегіміздің еш кетпейтінін сезіне алдым.

aikyn.kz.