Адам ауырғанша дәрігер қадірін білмейді екен.

Міне, жетпіске тақағанша жүрегімнің ақаулығын сезбеппін. Былтыр көктемде арасына 15 күн ғана салып екі бірдей туған қарындасымнан айырылып, қатты қайғырдым. Бақытгүл – 51 жаста, ал Фарида – 49-да ғана еді. Ішіме шер толып кетті ме, содан кейін сәл-пәл жүрегім ентігетін, тарсылдап соғып кететін әдет пайда болды.

Жаңа жыл қарсаңында жүрегім сыздап, шаншулап қоя берді. Әне-міне қаратамын ғой деп жүруші едім. Күтпеген жерден түні бойы қатты ауырып, ертеңгісін ауруханаға жеткізілдім. Жан-жақты тексеріп, әп-сәтте диагноз қойып та үлгерді.

«Инфаркт! Тез ота жасау керек» деп тез қорытынды шығарды. Елімізде медицинаның соншалықты дамығанын осы арада анық көз жеткіздім. Кибернетика, озық технологияны жете меңгерген білімдар бесаспап мамандар – Тәуелсіздігіміздің жемісі.

Дәрігерлер әп-сәтте отаға кірісіп кетті. Рентген-хирург жап-жас маман Есбол Қыдырбаев жүрек ақауын анықтап, емдеп, жүрекке баратын үш тамырдың біреуіне сақина салып берді. Бар-жоғы жарты сағат ішінде ота аяқталды. Жансақтау бөлімінде бір тәулік жатқызып, содан №2 кардиология бөліміне ауыстырып, оншақты күн күндіз-түні бақылап, жас сәбидей емдеп, күтті.

Осы жасқа дейін емхана, ауруханалардың талайын көрдік қой. Дегенмен, осы Алматыдағы кардиология орталығының бүкіл игі жұмысына: ішкі тәртібі, емдеу процесі, медицина қызметкерлерінің мінсіз қызметтеріне ерекше разы болдым.

Күнделікті таңертең сағат 7.20-да бас дәрігер Алмат Тұрысбекұлы Қодасбаев палаталарды аралап, науқастарды қарап, сөйлесіп, жағдайын біліп шығады.

Ал, осы №2 бөлім меңгерушісі Зульфия Сағындыққызы Мақашева мен емдеуші дәрігер Динара Қарсыбекқызы Абуовалар заманауи медициналық озық тәжірибеге сай мінсіз қызмет көрсетіп, әр науқастың тез сауығып кетуіне бар күш-жігерін жұмсап жүрген өз мамандығының нағыз білгірлері.

Мұндағы бүкіл медицина қызметкерлері тәулік бойы тынбай у-шусыз, жүздерінен мейірім төгіліп, ауру жандарға бар ынтасымен шипагерлік көрсетуде. Бұл – осы жерден ота жасатып, емделіп шыққандардың пікірі.

Бар игі жұмыс тікелей басшыға байланысты. Бас дәрігер, директор Алмат Қодасбаев, орынбасары Әнуар Мэлсұлы Кенжебаев, сондай-ақ, бірлігі де, тірлігі жарасқан бүкіл ұжымға айтар алғысымыз шексіз. Науқас жандарға жүрек жылуын сыйлап, емдеп жүрген абзал жандар Сіздерге әрдайым еңбектеріңіз жанып, ел құрметіне бөлене беріңіздер демекпін.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
«Құрмет» орденді жазушы,
Алматы облысының Құрметті азаматы.