COVID-19, дүниежүзілік пандемия, төтенше жағдай, жалпыға міндетті карантин т.с.с. былтырдан бері барша халықты әбігерге салды. Осы бір сын сағатында медицина қызметкерлері еңбегінің қаншалықты маңызды екеніне тағы да бір көз жеткіздік. Денсаулыққа қаншалықты көңіл бөлудің қажеттілігін түсіндік. Оған дәлел – қала халқына медициналық көмек көрсетуді бір сәтке де тоқтатпаған Қалалық кардиология орталығындағы дәрігерлік жұмысым.

Осы кезеңде COVID-19 ауруына күдікті науқастардың диагнозы анықталғанға дейін оларды уақытша оқшаулау бөлімінде жұмыс жасап жатырмын. Рас, алғашқы сәттерде біраз қиналдық, қазір бәрі артта қалды.

Орталықтағы мамандардың қиын-қыстау сәтте басқа түскен істі жұмыла көтеріп, тынымсыз еңбек етуі – үлкен жауапкершілік. Осындай жағдайда Қалалық кардиология орталығының әкімшілігі өз қызметкерлеріне жан-жақты көмек көрсетуге тырысты. «Қызыл аймақта» жұмыс істеген барлық мамандарды кезек-кезегімен денсаулыктарын жақсарту, жалпы демалу мақсатында Алматы қаласындағы табиғаты, таза ауасы тамаша, ең көрікті "Көктем" шипажайына жіберді. Мен шипажайда бір апта демалдым, денем шынығып, жұмысқа қабілетім арта түсті. Осындай керемет демалысқа мүмкіндік берген Қалалык кардиология орталығының ұжымына шексіз алғысымды білдіремін!

Құрметпен, кардиолог-дәрігер Замзаева Бақытгүл