Бүгін Қалалық кардиология орталығының ұжымы Конституция күнін және Білім күнін атап өтті. Онлайн режиде өткен салтанатты жиынды Орталық директоры А.Т.Қодасбаев ашты:

- Осыдан жиырма алты жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері Конституция күні мемлекеттік мереке болып табылады және 30 тамыз тойланады. Тәуелсіздіктің тірегі – Ата Заң. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ре-тінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Бейбіт заманда, бейбіт елде сіздер де еңбек етіп келе жатырсыздар. Қазіргі пандемия жағдайында жауапкершіліктің бұрынғыдан да артып, жұмыстарыңыздың қиындай түскені баршаға аян. Дегенмен, осынау мереке қарсаңында ауыр жұмыстарыңызды бір сәтке болса да ұмытып, мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысып жатырмыз. Сонымен қатар, 1 қыркүйек – Білім күні. Жылдағы дәстүріміз бойынша мектепке бірінші рет барып, алғашқы қоңырау үнін еститін бүлдіршіндерімізді де құттықтаймыз. Биылғы жылы Орталықтың 42 отбасынан 44 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Осы отбасыларға ақшалай материалдық көмек көрсетіледі.

Барша Орталық қызметкерлерін мереке күнімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, ырыс-береке, еңбектеріңізге табыс тілей отырып, мерекеге орай барша қызметкерлерге сыйақы беріледі.

Жиын Ата Заңымыз бен Білім күніне арналған бейнебаянды тамашалаумен аяқталды.