"Күні кеше FISU (Студенттер спортының халықаралық федерациясы) мүшесі Ристо Ниеминеннің денсаулығы нашарлап, жүрек талмасы ұстап қалды. Қуанышқа қарай, біздің дәрігерлер құрметті қонаққа ота жасап, ажалдан аман алып қалды. Бүгінде науқас өзін жақсы сезінуде", - деп хабарлады Универсиада дирекциясының басшысы Наиль Нуров.

Финляндия азаматы Ристо Ниеминен Универсиада ойындарының ашылу салтанатына шақырылған FISU-дің құрметті мүшесі. Ол 30 қаңтар күні кешкілік Алматы қалалық кардиология орталығына шұғыл түрде жеткізілген. Орталық дәрігерлері тексеру барысында науқасқа жедел инфаркт диагнозын қойды. Коронаграфия жасау барысында науқастың екі коронарлы артериясының бірі 90 пайызы, екіншісі 99 пайызға тартылғанын анықтап, шұғыл ота жасады.

Отадан соң науқас өзін жақсы сезініп, Алматы қалалық кардиология орталығының дәрігерлеріне алғысын жаудырды. Ристо Ниеминеннің халін сұрау үшін FISU президенті Олег Матыциннің өзі келіп, Универсиада кезінде медициналық көмек көрсету орталығының қызметіне жоғары баға берді.

FISU президенті Алматы қалалық кардиология орталығының директоры Алмат Қодасбаев, директор орынбасары Айбар Кенжебаев, қабылдау бөлімінің дәрігері Рафаел Шәріпов, рентнгенхирургия бөлімінің меңгерушісі Оразбек Сахов, отаны сәтті жасап шыққан рентгенхирург Ғазиз Төлепов, кезекші реаниматолог Лаура Мұстафаева мен Сергей Кравцов, кардиология бөлімінің меңгерушісі әрі емдеуші дәрігер Елена Сергееваға алғыс білдірді.