Дүниежүзілік пандемияның залалы қай саланы болмасын күйзелітіп тұрғаны шындық. Әсіресе, медицина саласы мамандарына ауыр тиіп тұр. Адам жанына араша түсу үшін демалысты ұмытып, әр сәт сайын арпалысып жүрген жандардың еңбегі еш болып, күннен күнге науқастар санының артуы, ауыр науқастарды көз алдында жоғалту ақ халатты абзал жандардың сағын сындырмаса да, жүректерін ауыртатыны сөзсіз. Алайда, осындай қиындықтарға қарамастан, Қалалық кардиология орталығының әкімшілігі кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып, өз қызметкерлеріне қуаныш сыйлау, ауыр еңбектен серпілтіп, бір-бірінің көңілін аулау мақсатында байқау ұйымдастырды. Ол - Қазақтың Бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 176 жыл толуына орай ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу байқауы.

Онлайн-режимінде байқауға жіберілген бейнежазбалар тыңдалмас бұрын, Орталық директоры А.Қодасбаев былтырғы жылы Ұлы ақынның 175 жылдығына орай «Абай жылы» деп жарияланғанын, Абай шығармаларының тәрбиелік мәнін айтып өтті және байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Абай атд. Опера және балет театрының солисті Талғат Күзембаев Орталық қызметкерлерін құттықтап, ақынның «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Содан кейін қазақ қызы, Франция медицина ғылымдарының докторы, Франция дәрігерлері жоғары ұйымының кеңесшісі, Ренн қаласындағы Қазақстан Республикасының құрметті консулы, «Мәдениет саласының үздігі», ғалым, гериатрия мамандығы бойынша докторлық дәрежесі бар клиницист-дәрігер Жанар Авар-Туребаева Орталық ұжымын құттықтап, өзі француз тіліне аударған Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңінен үзіндіні тыңдауды ұсынды. Одан әрі байқауға қатысушылардың өнері тамашланды.